Главная » Файлы » Планирование » Среднесрочное планирование

Дарынды оқушыларды шығармашылыққа баулу


01.10.2018, 14:26

Дарынды оқушыларды шығармашылыққа баулу
Ел президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Біздің болашақтағы жоғары технологиялық және ғылыми қамтымды өндірістері үшін кадрлар қорын жасақтауымыз қажет» деген сөздері бар. Демек, оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығуын қалыптастыру, шығармашылық қабілетін дамыту, қазіргі техниканы тиімді пайдалану мәдениетіне тәрбиелеу – мектептің басты бағыттарының бірі. Бұл салада атқарылатын жұмыстар жетерлік.
Еліміздің «Білім туралы» заңында да «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» мәселелесі қарастырылған. Себебі сол, ғылым мен техниканы, өндірісті әлемдік деңгейде дамыту үшін елімізге шығармашылықпен жұмыс жасайтын білімді, жоғары дайындығы бар білікті мамандар керек. Ал мұндай мамандарды тек дарынды балалардың ішінен ғана дайындайтынымыз тағы анық.
Шығармашылық дегеніміз – адамның ойлау қабілетінің ең жорғарғы қасиеті. Осы шығармашылық ізденіс оқушының өмірге, білімге деген сенімін, көзқарасын өзгертіп, дұрыс бағыт сілтейді. Бұл ретте дарынды оқушымен жұмыс жасайтын мұғалім ең маңызды орын алады. Оқушының таңдаған мамандығы тек қана жақсы мұғалімге байланысты болатыны сондықтан. Ал бұл жолда дарынды оқушының мұғаліміне қандай жүк артылады?
Мұғалім алдымен олардың шығармашылық жұмыста өзінің қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру қажет. Ал қалған оқу бағдарламасын тереңдетіп оқыту, шығармашылықпен жұмыс жасауға жетелеу және оқушының танымдық белсенділігін дамыту арқылы оқушының негізгі мақсаты жүзеге асады.
Сондай-ақ, мұғалімде жоғары кәсіби біліктілік, даралық қасиет, білімпаздық, ойлап табуға және ғылыми зерттеу жұмысына қабілеттілік, кәсіби қызметін өздігінен жетілдіруге ұмтылушылық сынды бірнеше қасиеттер басымырақ болуы шарт. Дарынды оқушымен жұмыс мұғалімнің өзіне, қызметіне және кәсіби біліктілігіне жаңа, жоғары талаптар қояды. Тіпті оның кәсіби жетілуіне өзгеше емтихан болып табылатыны да сондықтан.
«…Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздардың кесірінен жойылып кетеді. Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады» деген ұлы ойшыл Плутархтың сөзіне сенсек, ұстаз атаулы осындай келеңсіздікке жол бермеуі керек. Осыдан-ақ баланың шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін, ең бастысы, жағдайлар жасау қажеттігін аңғарамыз.
Расы керек, бізде көбінесе дарынды оқушыны жақсы оқитын оқушы деп қарайтын кездеріміз өте жиі кездеседі. Яғни, оқуда қиыншылық туғызбайтын, тәртіпті, ұйымшыл, білімді, тұрақты, ұғымтал, өз ойын нақты және түсінікті жеткізе алатын оқушылар ұстаздар қауымына көбірек ұнайды. Ал қисынсыз сұрақ қоятын, өз жұмысымен ғана айналысатын, тәуелсіз, көбіне түсініспеушілік туғызатын, қияли, әр нәрсеге көзқарасы бөлек оқушылар ұнамайды. П.Торранстың зерттеулері дәл осы қасиеттер оқушының шығармашылық дарындылығын көрсететін және оның нашар оқитын оқушылардың арасында да аз емес екендігін айқындап берген. Сондықтан да мұғалімдер қауымы осы зерттеулердің нәтижесін есте ұстаса дейміз.
Бала мектеп жасындағы сатыдан өткен соң, шығармышыл тұлғаға қарай аяңдайды. Бұл қабілеті оның туа бітті дарындылығымен тығыз байланысты. Ал жоғары білікті шығармашылықпен байланыс жасайтын талантты маман осы кезде қалыптасады. Қарапайым ғана мысалмен сабақтасақ, дарынды, талантты адам басқаға қарағанда қоғамға көп пайдасын тигізеді. Мектептің, ата-ананың үздіксіз жұмысы нәтижесінде осы жетістікке жетеді.
Белгілі психолог Н.С. Лейтес ұқыптылық, жинақтылық, зейіннің тұрақтылығы, еңбек ету қабілетінің жоғарылығы, ақыл-ой, логикалық ойлаудың тездігі, кез келген жағдайды талдап салыстыра білу, барлық күш- қуатты сарқа жұмсап тынымсыз еңбек етуі дарынды баланың негізгі қасиеттері деп көрсетеді. Міне, біз де осы қағидаларды басшылыққа ала отырып, кез келген баланың бойындағы қабілетін үздіксіз, үлкен ізденіспен жұмыс жасай отырып жүзеге асырсақ болады. Дәл осы сияқты дарынды оқушыны анықтау әдістерімен жұмыс жасай отырып, дарынды оқушыларды оқытуға арналған бағдарлама құрастырып, сонымен тұрақты жұмыс істеуді, қажетті зерттеу жұмыстарын жүргізуді, оқушыны олимпиадалар мен сайыстарға дайындауда жетістікке жете алатындай деңгейде жұмыс жасауды мұғалімдер жүйелі жүргізулері қажет.
Осы негізгі бағыттарды мен өз тәжірибемде жүзеге асырып келемін. Яғни, оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстарға баулу үстіндемін. Нәтижесіз емеспіз. Мектеп оқушылары ғылыми жобаларда топ жарып, түрлі жетістіктерге қол жеткізді. Өткен оқу жылында «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі ұйымдастыруымен өткен «Өмір және ғылым» атты ІV республикалық оқушылар конференциясында үш бірдей оқушы топ жарып, жүлдемен оралды.
11-сынып оқушысы Жадыра Махрубаева ел жадынан шығып қалған мақал-мәтелдерді қайта жаңғыртуды мақсат еткен тақырыбындағы ғылыми жұмысын сәтті қорғап, І орынды қанжығасына байласа, 10-сынып оқушысы Дана Жаңбырбаева «Қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшірудің маңызы» тақырыбындағы жобасыменмен жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал, 7-сынып оқушысы Мұхаммедәли Бақаевтың «Бөлітірік шешеннің шешендігі мен тапқырлығы» тақырыбында жазған ғылыми жұмысы ІІІ орынға лайық деп танылды.
Сонымен қатар, биылғы оқу жылында Дана Жаңбырбаева «Қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшірудің маңызы» тақырыбындағы жобасымен облыстық ғылыми жоба байқауынан 1-орын алып, республикалық байқауға қатысушы болып кетті. 5-6-сыныптар арасында өткен аудандық ғылыми жоба байқауында «К.Ахметова поэзиясының әр алуан сипаты» тақырыбындағы жұмысын қорғап, 1-орынды иеленді.
Өткен оқу жылынан бастап мектебімізде экспримент алаңы бойынша жұмыс басталып кеткен болатын. Міне, оның нәтижесін көріп отырмыз.
Әсіресе, осы ғылыми жобаны жасау көп ақпараттық білімді, білік дағдыны талап етеді. Яғни, жас зерттеуші сауатты, көп салалы, білімді азамат болу керек. Орта мектепте оқи жүріп қазіргі заманға лайық және жалпы білімді меңгеруге міндетті. Осы жерде айта кетер мәселе, оқушы ғылыми жұмысын жаза отырып, іздене жүріп, бірі жаңа ой айтып, болжам жасау керек. Жаңа, әлі белгісіз, бірақ өмірде кездесетін заңдылықты іздеу барысында ол туралы болжам жасайды. Бұл дұрыс болуы мүмкін. Керісінше, дұрыс емес болуы да мүмкін. Нағыз ғалымның өз жұмысын қиялсыз жасай алмайтыны секілді, оқушының да қиялсыз, тапқырлықсыз, жаңа ой табусыз алғашқы табысқа жетуі неғайбыл.
Ғылыми-зерттеу жұмысының өзі өзекті проблемалардан бастау алатындығы белгілі. Тіпті, алғашқы қауымдық құрылыстың өзінде адамдар табиғаттың, жаратылыстың тылсым дүниелеріне үңілген ғой. Абай атамыз да баланың туылғанда екі түрлі мінезбен өмірге келетінін айта келіп, «Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» демей ме?! Демек, түрлі саланы зерттейтін ғылымдардың барлығы да Ұлы Абай айтпақшы, адам баласының «білсем», «танысам» деген ынталарынан туындаған.
Оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыс қажеттілігі - қоғам талабы. Қоғам қашан да қабілетті адамға мұқтаж. Оның үстіне біздің ортамыз, заманымыз, қоғамымыз сәт сайын күрделене түсуде. Жаңа дәуір қалыптасып келеді. Заман ағымына сай мамандық атаулының барлығы бейімділікті, ептілікті, шапшандықты, ерекше ой қызметін, мол шығармашылық мүмкіндікті қажет ететін болды. Міне, дәл осы тұста мектептердің барлығыда жаңа заманға сай дарынды оқушылардың шығармашылық жұмыстарын жандандыру керек. Атқарылған істер қаншама, сол сияқты, атқарылмағаны одан да көп. Себебі, бұл ғасыр – білімділер ғасыры. Біз осы себепті ғана ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты парасатты ұрпақ керек екенін құнттауымыз қажет

Категория: Среднесрочное планирование | Добавил: Arman85
Просмотров: 7 | Загрузок: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar